Ақмола тəлімбағына Түменнен ағаштың 30 түрі əкелінген

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Ақмола облысының əкімі Мəлік Мырзалин Маралды орман шаруашылығының тəлімбағында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі əкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақмола облысы аумағында ведомствоаралық 13 орман шаруашылығы орналасқан. Оның ішінде үшеуі - орман тəлімбағы. Аумақтары 50 гектарлық екі орман тəлімбағы Ақкөл жəне Зеренді ауданының аумағында. Үшінші 23 гектарлық тәлімбақ Сандықтау ауданында жұмыс істеп тұр. 

Маралды орман шаруашылығы 1976 жылы құрылған. Онда орман ағаштарының бірнеше түрін өсіретін тəлімбақ бар. Қазір онда ағаштың 60 түрі өсіріледі. 2017 жылы облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға тамшылатып суарылатын аумағы 600 шаршы метрлік жылыжай салынды. 

Аймақ басшысы Мəлік Мырзалин жылыжайды, сонымен бірге, орман тəлімбағының аумағын аралап көрді. Аталмыш шаруашылық басшыларының айтуынша, мұнда екі жылдық ағаш көшеттері өсіріледі. Көшеттерді Астана, Алматы жəне Көкшетау қалаларында абаттандыру кезінде қолданады. Əсіресе, тұрғындар арасында сібір шыршасы жəне декоративті ағаш бұталарына сұраныс жоғары .
  

«Тəлімбақтағы ағаш көшеттерінің 30 түрінен астамын Түмен облысынан əкелдік. Оның ішінде батыс бозаршасы, бөріқарақат, көгілдір шырша тəрізді ағаштар бар. Сатып алған кезде биіктігі 50-60 см болса, қазір кейбірі 1 метрден асады» - деді Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Əлібек Жүсіп.