Ақмола және Қарағанды облыстарында 3 мың бетпақдала киіктері қырылған - ҚР ҚОҚМ

АСТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола және Қарағанды облыстарының аумақтарында бетпақдала түріне жататын 3 мың киік қырылып қалғаны белгілі болды (алдын ала болжам бойынша).

Олардың 1500-і Теңіз көлінің оңтүстік, батыс және солтүстік жағалауынан табылған. Өлген сайғақтар жазық далада да кездеседі, деп хабарлады ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрілігінің баспасөз қызметінен. ҚР ҚОҚМ-де шұғыл жиналыс өтті. Киіктердің жаппай қырылуының себептерін анықтау үшін ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Орман және аңшылық комитетінің төрағасы Бағдат Азбаевтың басшылығымен жұмыс тобы құрылды. Оған осы жағдайға байланысты мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері (Қарағанды және Ақмола облыстары бойынша экология департаменттері, ветеринарлық қызметтер, ТЖД, ІІД және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметтері) енді.