«Ақмола жұлдыздары» байқауының гала-концерті Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналды

None
КӨКШЕТАУ.Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетауда «Бурабай» қысқы спорт кешенінде өткен «Ақмола жұлдыздары» көркемөнерпаздар байқауының гала-концерті Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық тілдерді дамыту және мәдениет бөлімінің меңгерушісі Айгүл Сәбитованың айтуынша, облыс орталығында мұндай деңгейде іс-шара алғаш рет өткізілген. Байқаудың ақтық өнер кешіне 500-ге тарта көркемөнерпаздар мүшесі қатысты. Олар негізінен Көкшетау қаласындағы барлық жоғары және арнаулы оқу орындарының, мектептер мен бала бақшаларының, кәсіпорындар мен мекемелердің, ұлттық мәдени орталықтар мен мәдениет ошақтары жанындағы үйрмелер өкілдері. Кештің өне бойы Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегені, арты бүкілхалықтық мерекеге ұласқаны, ел дәулеті мен өңірдің табиғат сұлулығы көрерменнің көз алдында қайта жаңғырды. Қойылымның бас режиссері Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының доценті Алмат Құмаржанов бишілер топтарын, ұлттық мәдени орталықтар ансамбльдерін, жеке орындаушылар мен оркестрлер өнерін бір-бірімен сабақтастырып, мазмұн жалғасын тауып отыруына қол жеткізген. Би қойылымдары, жеке ән орындау, сахналық безендіру, өнерпаздардың киім киісі, жарықтандыру міндеттерінің әрқайсысы кеш сәнін аша түсті. Бұл шын мәнінде Ұлы Жеңістің құдыретін паш еткен керемет өнері кеші болғаны даусыз.