Ақмолада 150-ден астам садақшының қатысуымен ҚР Чемпионаты өтуде

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында садақ атудан жасөспірімдер мен кадеттер арасында ҚР Чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

«Соңғы жылдары Ақмола облысында садақ ату сияқты дәстүрлі спорт түрлері кеңінен қанат жаюда. 2017 жылы «Ақмола облысының «Алтын жебе» садақ ату федерациясы» қоғамдық бірлестігі құрылды. Сол себепті Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында садақ атудан жасөспірімдер мен кадеттер арасында ҚР Чемпионатын өткізу қолға алынып отыр», - дейді өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ұйымдастырушылар аталмыш спорт түрін жастар арасында насихаттай отырып, халықаралық жарыстарға мықты спортшыларды іріктеп алмақшы.

Жарыс Астананың 20 жылдығы, Целиноград ауданының 90 жылдығы және еліміздегі садақ ату спортының 50 жылдығына арналып отыр. Жарысқа Астана мен Алматы қалалары, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды және Алматы облыстарынан 150-ден астам садақшы қатысуда.

«Чемпионаттың ашылуы салтанатына Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеев, ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, құрметті қонақтардың арасында Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев, ҰОК спорт дирекциясы директорының орынбасары Болат Хавлахат, садақ ату турнирінің бас төрешісі Ольга Ли, ҚР спорт шебері және ұлттық құраманың мемлекеттік жаттықтырушысы Еділ Темірбеков, Ақмола облысының «Алтын жебе» садақ ату федерациясының вице-президенті, «Родина» агрофирмасы» ЖШС бас директоры Иван Сауэр бар. Чемпионат тамыздың 9-10 аралығына дейін жалғасатын болады» деп көрсетілген хабарламада.