Осымен Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен 23 инвестжоба қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, «Protecting Business and Investments» жобасы шеңберінде азық-түлік, өнеркәсіп бұйымдарын, жүк техникасы өндіретін немесе жолаушылар тасымалымен, сондай-ақ облыс аумағында құрылыс салумен айналысатын немесе жел генераторларын орнату бойынша қызмет көрсететін ірі компаниялар мен кәсіпорындардың басшыларымен іскерлік кездесу өткізді.
«Егер сіздер заңсыз сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне, бюрократиялық тосқауылдар жасауға және қызмет көрсетудің заңды мерзімін созу жағдайларына тап болсаңыз, онда біздің департаментке дереу жүгінуге құқылысыздар. Содан кейін біз кінәлі тұлғаларға қатысты нақты шаралар қабылдайтын боламыз. Сонымен қатар, біз сіздерді бизнесті адал жүргізуге шақырамыз» - деді департамент басшысы Мұрат Төлеубаев.
PBI аясында Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов өз көмегін көрсетуге уәде беріп, қалада түрлі кәсіпорындардың қызметін кедергісіз жүзеге асыру үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Түйіткілді мәселелерді және өзара тиімді ынтымақтастық бойынша алдағы жоспарларды талқылағаннан кейін кездесуге қатысушылар бизнесті сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолдау туралы 12 меморандумға қол қойылды. Енді Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен 23 инвестжоба қамтылған. Барлық кәсіпкерлерге тұрақты негізде түрлі мәселелерді шешуде тиісті көмек көрсетіледі», деп атап өтті ведомстводан.