Тергеу деректеріне қарағанда, «Медина» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры мен Шортанды аудандық ветеринариялық станциясының басшысы ақпараттық жүйеге ірі қара мал саны туралы жалған мәлімет енгізіп, мемлекеттік субсидияны заңсыз алуды ұйымдастырған.
— Атап айтқанда, 57 асыл тұқымды тұқымдық бұқа бар деген жалған мәліметтің негізінде бюджеттен 9 млн теңге аударылған. Кейін осы деректерге сүйеніп, іс жүзінде жүргізілмеген селекциялық жұмыстарға тағы 17 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, төрт өтінімде аналық мал саны 3 мың басқа артық көрсетілген. Соның салдарынан тағы 27 млн теңге субсидия негізсіз алынған, — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мемлекетке келтірілген залал 50 млн теңгеден асты. Кооператив директорына қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Айыртау ауданындағы құрылыс кезінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған едік.