Ақмолада 6 жасар Бекмансұр көлік сүйреп, рекорд орнатты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында 6 жасар Бекмансұр жеңіл автокөлікті 20 метрге дейін сүйреп, рекорд орнатты. Бұл туралы Әмір Махмет Фейсбуктегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Автордың жазбасында көрсетілгендей, оқиға «Денсаулық күні» фестивалінде Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында болған. 

«Бүгін «Денсаулық күніне» орай біздің ауылда, қазақтың біртуар балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған жерінде 6 жасар Бекмансұр жеңіл автокөлікті 20 метр қашықтыққа дейін тартып, рекорд орнатты. Өзінің кішкентай болғанына қарамастан, Бекмансұр нағыз батыр. Ол мені өзінің ағасындай көріп, үнемі жақын тартып жүреді. Мен мұны мақтан тұтамын. Астана қаласында тұратын жас батырдың алғашқы жеңісінің куәсі болу мен үшін, біздің ауыл тұрғындары үшін зор мәртебе!», - деп жазды Әмір Махмет.

Еске сала кетейік, өткен жылы Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі маңында Қазақстанның Гиннестің рекордтар кітабында кеудені жерден көтеру спорты бойынша бес дүркін рекордшы, сондай-ақ денені бірқалыпта ұстау бойынша әлемдік рекордсмен атағының иегері Әмір Махмет шөлмектерде 53 жаттығу жасап, жаңа әлемдік рекорд орнатқан болатын.