Ақмолада әйел жалған ПТР анықтамамен санитарлық постан өтпек болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола тұрғыны жалған ПТР анықтамасымен санитарлық постан өтпекші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, биылғы желтоқсанның 8-де санитарлық постан жалған ПТР анықтамамен өтпекші болған әйел ұсталды.

«Әйелдің ПТР анықтамасында мөр мен штрих-код болған жоқ. Санитарлық норманы бұзған әйелді әкімшілік жауапқа тарту үшін іс материалдары жинақталды» дейді ведомстводан.

Айта кету керек, Көкшетау қаласының карантин аумағындағы санитарлық постарда полиция және медицина қызметкерлері кезекшілік етуде.

Тексеру үшін ІІМ есебі, «Stopcorona» сайты жұмыс істеуде. Сонымен бірге, санитарлық постарда әкімшілік заңбұзушылықтар да анықталады.

«Бір күннің ішінде 137 заңбұзушылық анықталды. Оның ішінде жүргізуші куәлігінің болмауы, қауіпсіздік белбеуін тақпау, тиісті рұқсат құжатынсыз ет тасымалдау тәрізді заңбұзушылықтар бар» дейді ведомстводан.

Осы ретте тәртіп сақшылары азаматтарға санитарлық-эпидемиологиядық қызметтің қаулысында көрсетілген шектеу шаралары және қолданыстағы заңнаманы сақтауға шақырады.