Ақмолада бизнестің жол картасы бойынша 15 мың жұмыс орны ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин 2018 жылдың 9 айы ішіндегі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылы барлық негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсуі үрдісі қамтамасыз етілді. Ақмола облысының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға көтеріліп, 200 млрд теңгеден асты. Олардың ішінде нақты өнеркәсіп секторындағы капиталдың шамамен 70%-ы игерілді», - деді Мәлік Мырзалин.

Сонымен қатар облыс әкімі өңірде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының іске асырылуы жайында айта келе: «Өңірімізде шағын және орта бизнес белсенді дамып келеді. 800-ден астам жоба қолдауға ие болды және жеті жыл бойы жүзеге асырылған «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқасында жыл басын бері 15 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру шеңберінде микрокредитті қаржыландыру 1,7 есеге, шамамен 4 млрд теңгеге ұлғайды. Бүгінгі таңда 2 млрд теңгеден астам сомаға 630 микрокредит берілді», - деді ол.

Облыс басшысының айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың  9 айында тұрғын үй құрылысына салынған инвестиция көлемі 35% -ға өсті. 394 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 3800 пәтер пайдалануға берілді.  2019 жылы ел тәуелсіздігін алған бері алғаш рет 500 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр, бұл - 4,5 мың пәтер. Болашақта жыл сайынғы өсім 380-400 пәтерді құрайтын болады.

Бұдан бөлек, М.Мырзалин аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін дамыту өңірлік экономиканың негізгі тірегі екені айтып өтті. Оның сөзінше, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, биылғы жылы Ақмола облысындағы астықтың жалпы түсімі 5,6 млн тоннаға жеткен, орташа өнімділігі гектарына 13 центнерден айналды.