Ақмолада еліміздегі ең ірі құс фабрикасы іске қосылды
Бұланды ауданында ашылған «Макинск құс фабрикасы» ЖШС жылына 50 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Бұл қуаттылығы, техникалық жабдықталуы және инвесторлардың құрамы жағынан бірегей жоба. Инвесторлар арасында «Aitas KZ» АҚ, Еуропа қайта құру және даму банкі, Baiterek Venture Fund венчурлық қоры бар, ал кредиторы - «Қазақстан даму банкі» АҚ.
Маңызды жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға серпін береді. Сонымен қатар, аталған жоба Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға септігін тигізбек.
«Бұл - құс етін өндірудегі еліміздегі ең ірі жобалардың бірі. Жобаны іске қосу жергілікті өндірістің және құс етін жеткізіп беру көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», - деді М.Мырзалин өз сөзінде.