Ақмолада ерекше фотокөрме ұйымдастырылды

Фото: Polisia.kz

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Ақмолада «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында ерекше фотокөрме ұйымдастырылды, - деп жазды Polisia.kz.

Оның мақсаты – полиция қызметкерлерінің күнделікті еңбегін жұртшылыққа таныстырып, құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі олардың маңызды рөлін айшықтау.

Фото: Polisia.kz

Экспозиция түрлі полиция бөлімшелерінің жұмыс ерекшеліктерін кеңінен ашып көрсетеді. Көрермендер нақты қызметтік жағдайларда түсірілген фотосуреттерді тамашалай алады: жедел және патрульдік қызмет, кинологтар мен ювеналды полиция, сондай-ақ арнайы жасақтың жұмысы. Әрбір сурет – қажырлы еңбек пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Фото: Polisia.kz

Көрмеге «Жас Сақшы» полиция сыныптарының оқушылары да белсене атсалысты. Олар келушілерге ұсынылған материалдар жөнінде әңгімелеп, жастарды құқық қорғау органдарының қызметімен жақынырақ таныстыруға ықпал етті.

Фото: Polisia.kz


– Бүгінгі іс-шара арқылы біз жас буынды ішкі істер органдарындағы қызметтің мән-маңызы туралы кеңінен ақпараттандырып, оларды осы абыройлы мамандықты таңдауға ынталандыруды көздеп отырмыз, – деді Ақмола облысы ПД жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Ғалымжан Садықов.

30-дан астам жұмыстан құралған бұл фотокөрме полицейлердің қызмет күндерін бейнелеумен қатар, қоғамда сенім ұялатып, азаматтар мен тәртіп сақшылары арасындағы байланысты нығайта түседі. 

Бұған дейін Семейде полиция көрмесі ұйымдастырылғанын жазған болатынбыз.