Ақмола облысында иесі күтім жасамаған 37 су қоймасы мемлекетке қайтарылды

Фото: Pexels

Ақмола облысының табиғат қорғау прокуратурасы бекітілген 37 су қоймасы мен кәсіпшілік учаскелерін мемлекетке қайтарды. Ауданы 10-нан 1900 гектарға дейін, деп хабарлайды Kazinform.

Осылайша прокуратура жүргізген талдау арқылы бекітілген су қоймаларын пайдалану кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды.

Атап айтқанда, балық аулау ережесі жүйелі түрде бұзылған, балық ресурстарын қорғайтын қорықшылық қызметтер болмады, балық ауланбады, мелиорациялық және бітелуге қарсы іс-шаралар мүлдем назардан тыс қалды.

Сондай-ақ, балық аулау лимиті ихтиофаунаны міндетті биологиялық тексерусіз бекітілді.

Қалыптасқан жағдайды түзету үшін облыс әкімдігі мен балық инспекциясына прокурорлық қадағалау актісі жіберілді.

Сотқа дейінгі жұмыстар мен сот талқылауының нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы 73 хабарлама мен ұсыным берілді.

Бекітілген 397 су қоймасы мен кәсіпшілік учаскелерінің 37-сі мемлекетке қайтарылды. Яғни, әрбір 10 су қоймасы өз мақсатына сай пайдаланылмаған.

Қазіргі уақытта адал емес пайдаланушылармен балық шаруашылығын жүргізуге арналған шартты бұзу туралы 2 талап сотта қаралып жатыр. 

Балық шаруашылығы мемлекетіміздің биоәртүрлілігінің жаңартылатын көзі ретінде маңызды, оның негізгі міндеті — ихтиофауна ресурстарын сақтау және көбейту.