Бүгін сағат 16.30 шамасында Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Астрахан ауданының Баршын көлінен 23 қазанда жоғалып кеткен ер адамның денесін тапты. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қазанда Астрахан ауданы Ұзынкөл ауылдық округінің Баршын көліне төрт адам балық аулау үшін барған болатын. Сол күні кешке үшеуі металл моторлы қайықпен көлде жүзген.
Ал біреуі жағалауда қалған. 28 қазанда іздеу тобы екі балықшының денесін тапты. Ал үшінші балықшыны іздеу жұмысы 14 күнге созылды.
Баршын көліндегі іздеу жұмысына үш қайықпен 15 адамнан тұратын үш сүңгуір тобы, аудан әкімдігінің, полиция бөлімінің қызметкерлері, балықшының туыстары мен жанашыр тұрғындар қатысты.
Көлдің аумағы 40 шақырымнан астам әрі оның көп бөлігін қамыс басып кеткендіктен іздеу жұмысында қиындық туындады.