Ақмолада қар көлігі апатынан кейін комаға түскен қыз есін жимастан қайтыс болды

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында қар көлігімен болған жол апатынан ауыр жарақат алып, комаға түскен 25 жастағы қыз тоғыз күннен кейін қайтыс болды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен қыз бас сүйегі, оның негізі мен бет қаңқасының сынуы, сондай-ақ жабық бас-ми жарақатын алған.

Науқас ұзақ уақыт терең кома жағдайында болып, жасанды тыныс алу аппаратының көмегімен тыныс алған. Өкінішке қарай, пациентте сыртқы тітіркендіргіштерге еш реакция болмаған.

Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салғанымен, 23 ақпан күні таңертең бойжеткен көз жұмды.

Еске салайық, оқиға Бурабай ауданы аумағында болған. Қар көлігі жолаушысымен бірге ағашқа соғылған. Осы жағдайдан кейін облыс полицейлері қар көліктері мен квадроциклдерді тексеруді бастады. Әсіресе демалыс аймақтарына, оның ішінде Бурабай курорттық аумағына ерекше назар аударылды.