Ақмолада қойма меңгерушісі мен жүргізуші 112 мың жұмыртқаны жоқ қылған
22:32, 02 Қаңтар 2021
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында құны 3 млн теңгеден асатын 112 мың жұмыртқаны жымқырған екі күдікті анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңір полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа жыл қарсаңында Ақмола облысы Целиноград ауданы полициясының кезекші бөліміне жергілікті жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі хабарласқан.
Оның айтуынша, қоймада 112 мың жұмыртқа жетіспейді. Келген залалдың көлемі 3 млн теңгеден асады.
«Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары қойманы егжей-тегжейлі тексеріп, бейнебақылау камерасының жазбасын түгел қарап шыққан. Сол арқылы екі күдікті анықталды. Олар - 28 жастағы қойма меңгерушісі және осы ЖШС серіктесі саналатын жеке кәсіпкерліктің 37 жастағы жүргізушісі. Күдіктілер өз кінәсін мойындады» деп мәлім етті ведомство.
Меңгеруші мен жүргізушіге қатысты Қылмыстық кодекстің «сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу» бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.