Ақмолада мектеп түлегі бітіру кешінде соққыға жығылды: полиция қылмыстық іс қозғады
АСТАНА. KAZINFORM — Ақкөл қаласында мектеп бітіру кешінен кейін 18 жастағы түлек ересек ер адамдардың соққысына жығылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Жәбірленушінің анасы бейнежолдау жасап, құқық қорғау органдары мен бейжай қарамайтын азаматтарға оқиғаның мән-жайын баяндады.
Әйелдің айтуынша, 2025 жылғы 21 маусым күні оның ұлын — Ақкөл қаласындағы мектептердің бірінің түлегін — екі ер адам соққыға жығып, дене жарақатын салған. Әйелдің сөзінше, қаскөйлердің жасы — 31 және 23-те.
— Олар спирттік ішімдік не есірткі қолданған болуы мүмкін. Ер адамдардың бірі көлік жүргізіп келе жатып, алғашында ұлымды қағып өлтірмек болды. Кейін екеуі де көліктен түсіп, ұлымды есінен танғанша ұрып-соқты, — деді ол.
Жас жігіт ауруханаға жеткізілді. Анасының айтуынша, кейін олардың екі танысы ауруханаға келіп, полицияға арыз жазбауды өтінген. Соққыға жыққан адамдар да сол ауруханада болған, дегенмен олар агрессивті түрде әрекет етіп, әйелге тіл тигізіп, қорқытқан.
Бейнежолдауда айтылғандай, күдіктілер әлі күнге дейін ұсталған жоқ, олар бостандықта жүр.
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 18 жастағы жігіт Ақкөл аудандық ауруханасының травматология бөліміне бас сүйек-ми жарақаты (соққы салдарынан ми шайқалу) және мұрын сүйегінің сынуы диагнозымен түскен. Протоколға сәйкес, ол ауруханаға жатқызылған. Ем қабылдағаннан кейін ауруханадан шығарылды. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Алдағы уақытта ол компьютерлік томография және сот-медициналық сараптамадан өтеді.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Ақкөл қаласының 2007 жылы туған тұрғынына қатысты бұзақылық фактісі бойынша ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлігімен (бұзақылық) қылмыстық іс сол күні тіркеліп, тергеу басталған.
— Жанжалға қатысқан барлық тұлға бірден анықталып, олардан жауап алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс полиция департаменті басшылығының бақылауында, — деп мәлім етті ведомство.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Теміртауда жедел жәрдем фельдшері соққыға жығылды.