Ақмолада мемлекеттік қызмет көрсетуде 37 кәсіпкердің құқығы бұзылған

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат- Жыл басынан бері Ақмола облысында 37 кәсіпкер мемлекеттік қызмет көрсетуде құқықтарының бұзылғандығы туралы шағым түсірген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Әділбек Мұхамеджановтың қатысуымен азаматтардың мемлекеттік қызмет көрсету барысындағы бұзылған құқықтарын қорғау тақырыбында өткен брифингте айтылды.

Басқарма басшысының сөзінше, қызмет алушылардың шағымдарын қарау департамент қызметінің басты бағыттарының бірі.

«Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту және бизнес климатты жақсарту мақсатында департамент Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасымен тығыз байланыс жасауда» - дейді Әділбек Мұхамеджанов.

Басқарма басшысы атап өткендей, өзара іс-әрекет құралдарының бірі кәсіпкерлердің өтініштерін қарау. 2019 жылдың өткен кезеңінде департамент 37 өтінішті қаралды. Анықталған құқық бұзушылықтарға сәйкес бұзылған құқықтарды қорғау бойынша шаралар қабылданып жатыр.

«Мысалға, кәсіпкерлеріміздің біреуінің өтінішін қарау нәтижесінде агроөнеркәсіп кешені субъектісіне инвестициялық салымдар бойынша шығындарды өтеу үшін тиісті субсидиялардың толық мөлшерде берілмегені анықталды» - дейді Әділбек Мұхамеджанов.

Департаменттің аталған мәселеге араласуынан кейін ғана кәсіпкердің өтініші комиссия отырысында қайта қаралып, оған төленбеген қаражат тиісті мөлшерде төленді.

Сонымен қатар, департаментке Базарбай Әубәкіров есімді жеке кәсіпкер өтінім білдіріп, жер телімін жалға алу мерзімін ұзарту барысында туындаған мәселесімен бөлісіпті.

«Департамент кәсіпкерге мемлекеттік қызметке қол жеткізу үшін өтінім жазуға консультациялық көмек көрсетті. Сонымен қатар кәсіпкердің құқықтары жер комиссиясы мүшелеріне түсіндіріліп, аталған комиссия отырысының нәтижесінде Б.Р.Әубәкіровке жер аймағына ие болу құқығын беруге ұсыным енгізілді» - дейді Әділбек Мұхамеджанов.

Осылай департамент кәсіпкерге заңнама шеңберінде жер телімін жалға беру құқығын ұзарту мәселесін шешуге көмек көрсеткен.

Кәсіпкер Базарбай Әубәкіровтың айтуынша, кәсіпкерлердің көпшілігі өз құқықтарын толық білмегендіктен және оларды қорғау үшін тиісті заңнамалық білімі болмағандықтан бірқатар мәселелерге тап болады. Алайда осындай жағдайда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы құзыретті мамандар көмекке келіп жатады.

Сонымен қатар Әділбек Мұхамеджанов мемлекеттік органдарға бармай-ақ көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің әдістері жөнінде айтап өтті.

«Мысалға, @EgovKzBot - электронды үкіметі ботының алғашқы нұсқасы жұмысы іске қосылған. Бүгінгі таңда бот арқылы 20-дан астам қызметтер мен сервистерге қол жеткізуге болады. Ботпен жұмыс істеу үшін eGov.kz тіркеліп, ұялы телефон нөмірін порталдағы профильмен байланыстыру керек» - дейді спикер.

Жалпы Әділбек Мұхамеджановтың айтуынша, мекенжай анықтамасына қоса жеке тұлғаның жылжымайтын мүлкінің жоқтығын немесе сотталмағандығын растайтын анықтамаларға қол жеткізу қызметтері де қазіргі таңда ең сұранысқа ие қызметтер қатарынан табылады.