Ақмолада су ресурстарын тиімді пайдалану жобасы басталды

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Алва» лиманды суару жүйесінің бас су торабын реконструкциялау жұмыстарын бастады. Жоба аясында темірбетон конструкцияларын, көпір өткелін және су реттегіш құрылыстарды қалпына келтіру көзделген. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

«Алва» лиманды суару жүйесі арқылы су жайылатын аумақтың көлемі 12,8 мың гектардан асады. Реконструкциялау жұмыстары лиманды суару алқаптарына судың тиімді жіберілуін қамтамасыз етіп, Нұра өзені жүйесінің су шаруашылығы кешенінің тиімділігін арттыруға және Ақмола облысында ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған.

— Алва» лиманды суару жүйесі 1959 жылы Нұра өзенінің көктемгі тасқын суын реттеу мақсатында салынған. 2018 жылы нысанда бас су торабынан басқа барлық су өткізу нысандарын жөндеу жұмыстары аяқталды. Сол кезде бетон конструкцияларын қалпына келтіру, жер жұмыстары жүргізіліп, топырақ бөгеттері бут таспен және топырақпен нығайтылды. Сонымен қатар үш автоматты су тастағыш салынды. Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан жоба жүйенің тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді, — деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев.

Айта кетейік, Жамбылда суару жүйесі жаңғыртылып, су үнемдеу көлемі артты.