Департамент баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қылмыс Целиноград ауданында болған. Шағым Ерейментау ауданы Еркіншілік ауылының 55 жастағы тұрғынынан келіп түскен.
«17 қараша күні 02:00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шымкент» дәмханасының алдында 25-30 жастардағы ер адам одан «Алматы-Екатеринбург» күре жолының бойындағы «Рубеж» бекетіне дейін жеткізіп салуын сұраған. Целиноград ауданы Жайнақ ауылынан 2 шақырымдай жерге жеткенде басына темірмен ұрып талдырып, «ВАЗ-21723» маркалы автокөлігін ұрлап кеткен. Көлікте зардап шегушінің жеке заттары да: 25 мың теңгенің тымағы, 70 мың тұратын «Самсунг» телефоны, 5 мың теңге ақшасы болған», - деп мәлімдеді полицейлер.
Күдікті Қостанай қаласында ұсталды. Ол Түркістан облысы Сарыағаш ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, күдікті тергеу изоляторында», - деді полицейлер.
Авторы Оксана Матасова