Ақмолада тегін дәрі-дәрмек алмаған 200-ден астам адамнан шағым түсті

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысындағы медициналық ұйымдар тегін дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз етпесе, тексеріс жүргізіліп жауапкершілікке тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, тегін дәрілік құралдарды және медициналық мақсаттағы өнімдерді ұсыну бойынша мониторингтің қорытындысы шыққан.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «СК-Фармация» ЖШС және әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бірлескен жобасы шеңберінде 12 сәуір мен 30 маусым аралығында «Дәрілік қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесінде мәліметтері көрсетілген тегін дәрі-дәрмек алатын науқастарға SMS хабарлама жолданады. Барлығы 1 миллионнан астам SMS хабарлама жолданды. Хабарламада дәрінің нөмірі мен ​ мерзімі көрсетіледі. Егер науқас дәрі-дәрмек алмаған болса, SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» санын жіберуі керек немесе 1439 нөміріне «СК-Фармация» ЖШС байланыс орталығына қоңырау шалуға болады», - дейді «Əлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола филиалының баспасөз қызметіндегілер.

Қордың SMS-хабарлама жолдау қорытындысы бойынша​ науқастардың 27798 пікірі тіркелді. Оның ішінде 4​ 137 науқас препарат алмаған. Ақмола облысы бойынша препарат алмағандар саны - 219.

«Аталған жағдай бойынша тексеріс жүргізіліп, ​тегін дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз етпеу себебі анықталады және кінәлілер жауапкершілікке тартылады», - деді Ақмола облысы бойынша «СК-Фармация» ЖШС өкілдігінің басшысы Роза Тлеспаева.

Ведомство келтірген мәлімет бойынша, препарат алмағаны туралы жауаптар көбіне Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарынан түскен.


Соңғы жаңалықтар