Ақмолада ұйымдасқан қылмыстық топ 450 тұлғаға заңсыз несие рәсімдеген

Фото: Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысының прокурорлары 450 тұлғаға заңсыз несие рәсімдеген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Өткен жылдың сәуір айында Зеренді ауданының прокурорымен аудан халқымен кездесу барысында, белгісіз тұлғалармен әлеуметтік осал топтарына жататын аудан тұрғындарының атына ақшалай несие рәсімдеу фактісі анықталған. Осыған орай, аудан прокурорының бастамасымен жедел іздестіру шаралары басталған. Нәтижесінде 2024 жылдың қараша айында алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру Ақмола облысы прокуратурасының арнайы прокурорларына жүктелген.

— Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, оның мүшелері алдау жолымен екінші деңгейлі банктерден ақша қаражаттарын жымқырғаны әшкереленді. Топ мүшелерінің әрбір қатысушының рөлдері, міндеттері және әрекеттері нақты бөлінген. Алаяқтар 450 тұлғаның атынан 5 млрд теңге шамасында заңсыз несие рәсімдеген. Салдарынан еліміздің бірнеше облысының тұрғындары алаяқ құрбанына айналған. Қазір қылмыстық іс бойынша 24 тұлға күдікті деп танылып, оның 15-і сот санкциясымен қамаққа алынды. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр. ҚПК-тің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге мәліметтер жарияланбайды, — делінген хабарламада.

Осыдан бұрын Ақмола облысында 3 жыл бойы алимент төлеуден қашып жүрген борышкер жазаланғанын жаздық.