Ақмолада ветеринария инспекторы кәсіпкерлерден пара алды деген күдікке ілінді

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында пара алған ветеринар инспектор күдікке алынды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мақсатында ұйымдастырылған онлайн бейнеконференция барысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қашықтан өткен бейнеконференцияға аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық, қалалық және аудандық аумақтық инспекция өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар Көкшетау қаласының мемлекеттік санитария инспекторларының біріне қатысты қылмыстық іс аясында ҚР ҚПК 200-бабының тәртібінде енгізілген ұсынуды қарады.

Атап айтқанда, сотқа дейінгі тергеу барысында мемлекеттік қызметші міндетті тауарға ілеспе және рұқсат құжатынсыз базар аумағында етті кедергісіз сатқаны үшін кәсіпкерлерден бірнеше рет пара алғаны анықталды.

Жоғары тұрған басшылықтың тарапынан тиісті бақылаудың болмауы, ветеринария саласындағы заңнаманың және басқа да бірқатар заңнамалық актілердің талаптарын толық елемеу, ҚР заңнамасын бұзушылықтарға жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізудің болмауы осы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал етті.

Кездесу барысында аумақтық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев мемлекеттік қызметшілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарды түсіндіріп, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды тиісті түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.

«Биыл ветеринариялық бақылау саласындағы бірнеше рет анықталған сыбайлас жемқорлық фактілері тиісті емес алдын алу жұмыстарын және басшылық тарапынан бағыныштыларға бақылаудың жоқтығын көрсетеді. Ветеринариялық қызмет мамандары өз іс-әрекетінің халықтың азық-түлік қауіпсіздігі үшін қауіпті салдарын сезінуі, ал олардың басшылары қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтамағаны үшін жеке жауапты екенін түсінуі тиіс», - деді Мұрат Төлеубаев.