Ақмолада жабылған жол учаскесін айналып өтпек болған көлік суға батып кетті

Фото: Фото: ҚР ТЖМ видеосынан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Құтқарушылар көлік ішінде жүргізушімен бірге болған екі жолаушыны судан аман алып шықты, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес жол қозғалысына шектеу қойылғанына құлақ аспай өтіп кеткен көлікті су ағызып әкеткен.

— 5 сәуірде «Астана — Атбасар — Жақсы — Рузаевка — Сарыкөл — Қостанай —РФ шекарасы» автожолының 963-шақырымын су шайып кетуіне байланысты автокөліктің барлық түрі үшін жол қозғалысына шектеу енгізіліп, блок-бекет қойылды. Дегенмен жүргізуші тыйым салынғанына қарамастан, блок-бекетті айналып өтіп кетті. Алайда су басқан учаскені өтіп жатқан кезінде оны су ағызып әкетіп, көлік су астына кетті, — делінген хабарламада.

Көлікте үш адам болған. Олардың екеуін құтқарушылар мен полицейлер аман алып қалды. Зардап шеккендерге медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр. Ал жүргізушінің денесі 02:30 шамасында табылды.

— Полиция және төтенше жағдайлар қызметкерлері қазақстандықтарға үндеу жолдап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды және шектеу енгізілген су тасқыны қаупі бар жол учаскелерінен өтпеуді сұрады, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, кеше Ералы Тоғжанов Ақмоланың Бұланды ауданындағы су тасқыны қаупі бар аумақтарды аралағаны мәлім болды.