Ақмолада жол апатынан 27 жастағы қостанайлық әйел мерт болды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында жол апаты орын алып, 27 жастағы қостанайлық әйел мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы қазанның 5-де таңғы сағат 07:05 шамасында «Екатеринбор-Алматы» тасжолының бойында болған.

Анықталғандай, Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған Қостанай облысының тұрғыны, 27 жастағы әйел тізгіндеген «Hyundai Accent» көлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, «Камаз-5320» жүк көлігімен соқтығысқан.

Жүк көлігінің рөлінде Астрахан ауданының 51 жастағы тұрғыны отырған.

«Жол апатынан «Hyundai Accent» көлігінің жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды», - деді ведомстводан.

Қазіргі кезде жол апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 345 бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.