Ақмоладағы Shaiqas-2026 финалында курсанттар дрон мен роботты сынайды

АСТАНА. KAZINFORM – 14-15 тамыз күндері Ақмола облысындағы «Амандық» полигонында алғашқы ұлттық инженерлік чемпионат — Shaiqas-2026 байқауының финалы өтеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қарулы күштер атынан чемпионатқа қатысатын командалардың бірі — Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары. Болашақ офицерлер «Әуе» және «Жер» бағыттары бойынша бақ сынайды.

Байқау тапсырмаларын орындау барысында курсанттар өздері әзірлеген техникалық құрылғыларды — ұшқышсыз авиациялық жүйе мен жерүсті роботтандырылған платформасын қолданады.

«Әуе» бағыты бойынша команда әуеден барлау жүргізіп, FPV Battle сайысына қатысып, ұшқышсыз жүйені жедел құрастыру дағдыларын көрсетеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

 

Ал «Жер» кезеңінде курсанттар жерүсті роботтандырылған платформасымен жұмыс істейді. Роботтандырылған техниканың көмегімен олар манекендерді эвакуациялап, миналардың макеттерін орнату тапсырмаларын жасайды.

Команданың дайындығына Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты арнайы пәндер кафедрасының аға оқытушысы, подполковник Асқар Аишев жетекшілік етеді.

— Біз үшін Shaiqas чемпионатына қатысу — ең алдымен курсанттардың білімдері мен дағдыларын тәжірибе жүзінде сынау мүмкіндігі. Сонымен қатар олардың чемпионатта қолданылатын техниканы әзірлеуге өздері қатысқаны маңызды. Олар техниканың құрылымы мен мүмкіндіктерін жақсы біледі. Қазір басты міндет — команданың үйлесімді жұмысын көрсетіп, чемпионатта лайықты нәтижеге ие болу, — деді подполковник Асқар Аишев.

Қазіргі уақытта команда дайындықтың қорытынды кезеңінде. Курсанттар техникалық сынақтар мен жаттығулардан өтіп, байқау тапсырмаларын пысықтап, өздері әзірлеген жүйелердің мүмкіндіктерін тексерді.

Алда — финалдық сынақтар. Онда курсанттар инженерлік білімдері мен техникалық дағдыларын іс жүзінде қолданып, командалық жұмысын көрсететін болады. 

Айта кетелік Қарулы күштерде дрондарға қарсы қорғаныс тәсілдері жетілдіріп жатыр