«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Астананың 20 жылдығын атап өту аясында ұйымдастырылған шараға Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рақымжанов және жергілікті ғалымдар мен ардагерлер қатысты.
Мұржайдың ашылуына ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы басшылығы қолдау білдірген. Қазіргі замаңғы Қазақстан тарихының қалыптасуы «Елбасы және Тәуелсіздік» залына жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке заттары тапсырылған екен. Қазіргі кезде экспозиция залының сөрелеріне қойылған бұл жәдігерлер мұржай қорын толықтырып тұр. Көрмеде Ұлы дала жазығында Тәуелсіз Қазақстан мен Астананың қалыптасуы мен дамуында ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешуші рөлі жан-жақты көрсетілген.
Елбасының Тәуелсіз Қазақстан тағдырындағы қайраткерлігі мұрағат құжаттары мен жәдігерлер арқылы жүйелі түрде кеңінен насихатталып отыр.
«Ең алдымен барша ақмолалықтар Астананың 20 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Жиырма жыл аз ғана уақыт болғанымен осы аралықта Елордамен бірге Ақмола облысының дамып келе жатқанын байқап отырмыз. Ал, мұражай көрмесіне келетін болса, Елбасымыздың қайраткерлік жолындағы барлық маңызды құжаттары топтастырылған бұл экспозиция залының орны ерекше. Өскелең ұрпаққа үлкен тәлім, тағылым, жігер сыйлайтыны анық. Келешекте осында мыңдаған студенттер мен оқушылар келіп, өздеріне қажетті тарихи құнды мәлімет алатынына сенемін», дей келе, Әмірхан Рақымжанов мұржай қорына Нұржан Қарамсақовтың фотосуретін сыйға тарту етті.
Сонымен қатар, аймақ басшысы М.Мырзалин мен жергілікті ғалымдар және ардагерлер Еліміздің тірегі Астана қаласы және оның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тарихи рөлі туралы өздерінің жылы лебіздерін білдірді.