Ақмолалық әйел әлеуметтік төлемге көмектесемін деп алдап, түрмеге түсті

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысында зейнеткерлердің атына заңсыз несие рәсімдеген әйел қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Бұл туралы Ақмола облысының прокуратурасы хабарлады.

Фото: Kazinform

Сандықтау аудандық соты ауыл тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады. Тергеу барысында сотталушының көршілері мен жергілікті зейнеткерлердің сеніміне кіріп, оларды алдау арқылы жалпы сомасы 7 миллион теңгеден асатын банк несиелерін рәсімдегені анықталды.

— Әйел өзін әлеуметтік төлемдер мен түрлі қызметтерді алуға көмектесемін деп таныстырып, зейнеткерлердің құжаттарына, жеке деректеріне және ұялы телефондарына қол жеткізген. Осы мәліметтерді пайдалана отырып, жәбірленушілерге білдірмей банк несиесін рәсімдеп, түскен қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған. Сот шешімімен ол Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Прокуратура мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында халықпен кездесулер өткізу және мемлекеттік органдармен бірлескен профилактикалық жұмыстарды күшейтіп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, биыл Қазақстан ауқымды қаржылай қылмыстардың дүмпуіне тап болды. Зейнетақы жинақтары арқылы жасалған алаяқтықтардан бастап, блогерлік схемалар мен банктерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық топтарға дейінгі істер қоғамды дүр сілкіндіріп, ел арасында қызу талқыланды. Зардап шеккендерге келтірілген жалпы шығын ондаған миллиард теңгеден асқан. Мыңдаған азаматты тұзаққа түсірген ондаған адам жауапқа тартылды. Толығырақ Kazinform тілшісінің материалынан оқи аласыз.