Ақмолалық әйел ауруханада түсік тастады: аурухана жазба авторын сотқа бермек

Фото: Видеодан скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облыстық № 2 көпбейінді ауруханада жүкті әйел сәбиінен айырылып қалды. Оқиғаның мән-жайын Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі түсіндірді.

Бірер күн бұрын желі қолданушысының жүкті әйелдің ауруханада түсік тастағаны туралы жазбасы кеңінен талқыланды.

Оның мәлімдеуінше, әйелден қан кетіп, сәбиінен айырылған, ал дәрігерлер көмекке 1 сағат 45 минуттан кейін ғана келген.

— Пациент № 2 облыстық көпбейінді ауруханасының гинекология бөліміне «Ерте мерзімдегі жүктіліктің үзілу қаупі» диагнозымен түсті. Қабылдау кезінде іштің төменгі жағында ауырсыну және қан аралас бөлінді байқалды. Жүктілікті сақтау мақсатында симптомдық ем және гормоналды терапия тағайындалды. Ерте мерзімде өздігінен түсік болды және қанды тоқтату әрекеті жасалды, — деген жауап алдық өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан.

Ақпаратта айтылғандай, әйел бесінші рет жүкті болған, бұған дейін, яғни 2021 жылы пациентте үй жағдайында түсік болған. 

— Аталған жағдай құрсақішілік шарана немесе сәби өлімі емес. Себебі эмбрион — ұрық жұмыртқасының мөлшері 3–6 мм шамасында. Бұл мерзімде әйелге акушерлік блокта емес, гинекология бөлімінде медициналық көмек көрсетіледі. Әйелге бақылау және сүйемелдеу барлық реттелген медициналық хаттамаға сәйкес жүргізілді, — деп түсіндірілді.

Одан бөлек, аталған жайтқа қатысты № 2 Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры Изат Бюрабеков түсінік берді. 

— Пациент жүктіліктің үзілу қаупімен 25 шілде күні сағат 21:54–те біздің ауруханаға жеткізілді. Жүктілікті сақтау үшін барлық тиісті шара қабылданды. Алайда, өкінішке қарай, кей жағдайда организмнің ем-шараны қабылдамау жағдайы болып тұрады. Бұл жағдайда ұрықтың түсіп қалу процесі жалғасты, яғни қарапайым тілмен айтқанда, табиғи түсік болды. Мұндай жағдай жүктіліктің ерте мерзімінде кездеседі, әйелдің ағзасы қандай да бір себептермен ұрықты қабылдамауы мүмкін. Пациенттің жүктілік мерзімі 6 апта және 5 күн болған. Бұл кезеңде эмбрионның көлемі 3–6 мм-ден аспайды, оның аяқ-қолы мен ағзасы әлі қалыптаспаған, — дейді ол.

Сондай-ақ аурухана басшысы желіде жарияланған жазбада әсірелеу мен бұрмалау барын айтып отыр. 

— Әсіресе, әйел босанған баласын жоғалтты деген тұжырым, шындыққа сәйкес келмейді. Ол ұрық жұмыртқасы, эмбрион болатын. Пациент қансырап жатты дегенге келсек, иә, шын мәнінде пациентте қан кету болды. Айта кету керек, талдау нәтижесі бойынша оның гемоглобин деңгейі қалыпты шекте болды. Пациент бақылауда болды, бір жарым, екі сағат сайын тексеру жүргізілді. Қан кету байқалған жағдайда, басқа емдік тактика қолданылатыны белгілі. Пациент бақылаушы органдарға шағым жазудан бас тартты. Ал жарияланым авторына қатысты, аурухана Азаматтық кодекстің 143-бабына сәйкес, «Ар-намыс, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау» бойынша сотқа талап дайындап жатыр, — деп түсіндірді И.Бюрабеков.

Бұған дейін Kazinform тілшісі түсік және уақытынан бұрын босанудың себебін анықтаған еді.