Ақмолалық зейнеткерге флюрография процедурасы 9 миллион теңгеге түсті

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа әдісін ойлап тауып, оған Степногорск қаласының 75 жастағы тұрғыны түсіп қалды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл тамыз айында өзін емхана қызметкерімін деп таныстырған белгісіз біреу Степногорск қаласының 75 жастағы тұрғынына хабарласқан.

— Ер адам зейнеткерге кеуде қуысының рентгенін түсіру керек екенін айтып, оны белгілі бір күнге алдын ала жазып қоя алатынын айтады. Бейтаныс адамға сенген ақмолалық зейнеткер 1414 нөмірінен келген кодты айтқан», — дейді департаменттегілер.

Осыдан кейін зейнеткерге басқа нөмірлерден қоңыраулар түсе бастаған. Олар өздерін «электрондық үкімет» қауіпсіздік қызметінің операторлары, Ұлттық банк және қаржы полициясының қызметкерлеріміз деп таныстырған.

Алаяқтар егде әйелді шатастырып, қорқытқан. Зейнеткер депозиттегі барлық ақшасын солардың шотына аударып берген. 

— Шығын 9 миллион теңгеден асты. Алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр», — деп қосты полиция.

Тәртіп сақшылары азаматтарды қырағы болуға және ешқашан бейтаныс адамдарға SMS кодтарын, жеке мәліметтерін және банк шоты туралы ақпаратты бермеуге шақырды.

Еске салайық, Қостанайда телефон нөмірлерін жалға беріп, алаяқтарға көмектескен жігіт ұсталды.