Ақмолалық 120 теңгеге термопод ұтып алды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, осымен үшінші рет ұтысқа автокөлік тігуде. Ұтысқа қатысу үшін сатып алған тауардың чегін жолдау қажет. Ұтыс талаптары туралы ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Шынар Мусина айтып берді.

«Ағымдағы жылдың 21 мамырынан бастап, Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп «Чек талап ет-сыйлық ұтып ал» акциясын қолға алды. Тұрғындарға қолайлы болу үшін акция «көлеңкелі» экономикамен күресу бойынша «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы электронды форматта жүзеге асырылады. Акцияға ҚР кез келген азаматы қатыса алады. Ол үшін арнайы мобильді қосымшаны жүктеп, фиксальді чектің суретін жіберу қажет», - дейді Ш. Мусина.

Акция желтоқсанның 15-і күні бас жүлдені тапсыру кезінде мәресіне жетеді. Әзірге, Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті ай сайын сыйлықтарды ұтысқа қоюда.

«Бұл акцияның мақсаты - тұтынушылар құқығын қорғау. Сіздер білесіздер ме, чектер тұтынушы әрбір затты сатып алған сайын берілуге міндетті және олар өз кезегінде «көлеңкелі» қаражатты айналымға түсірмеуге септігін тигізеді. Егер қандай да бір сауда орны сатқан тауары үшін чек бермесе, суретін түсіріп алып, бізге жібересіз. Өйткені бақылау-кассалық аппаратынсыз жасалған әрбір сауда «көлеңкеде» қалған ақша мен ел бюджетіне түспеген салық деген сөз. Чек алмасаңыз, сонымен қатар тауар жарамсыз болып шықса, заңды түрде қайтара да алмайсыз», - деп түсіндірді Ш. Мусина.

Қазіргі кезде, акцияға барлығы 14 мың 310 адам қатысуда. Ал, жолданған чектердің саны 921 мың 944 құрайды. Биылғы жылы 9 адам сыйлыққа ие болды. Оның ішінде бір адам 120 теңгенің чегіне термопод ұтып алды.