Ақмолалық кәсіпкерге дизельді жеңілдікпен беруден негізсіз бас тартылған

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында кәсіпкерге жеңілдетілген дизель отынын беруден негізсіз бас тартылған. Әкімшілік кедергілерге тап болған Бұланды ауданындағы шаруашылық басшысы облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне жүгінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, биыл астық дақылдарын өсірумен айналысатын кәсіпкерге егіс науқанын жүргізу үшін мемлекеттік қолдау шеңберінде 15,8 тонна кепілдендірілген (жеңілдікті) дизель отыны бөлінген. Бұл ретте жанар-жағармай аграршыларға ай сайын жеткізіледі.

Ақпаннан наурызға дейін фермер шетелде болып, сол себепті дизель отынын алу үшін арзандатылған жанар-жағармай жеткізу жөніндегі операторға жүгіне алмады. Алайда, сәуір айында жүгінген кезде, оператор өтінімнің уақтылы берілмегендігіне сілтеме жасай отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге өткен кезеңге 6,6 тонна жеңілдікті дизель отынын беруден бас тартқан.

«Департамент ауыл шаруашылығы басқармасының, оператордың және ЖШС-нің қатысуымен кездесу өткізіп, екі ай ішінде жанар-жағармай жеткізуден бас тартудың негізсіз екенін анықтады. Нәтижесінде кәсіпкер дизель отынының қажетті кепілдендірілген көлемін жеңілдетілген бағамен алып, көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты жалғастыра алды», - деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында жалған хаттама толтырған полиция қызметкері сотталғанын жазған едік.