Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «За спасибо» қайырымдылық дүкенінің базасында азық-түлік, қажетті бұйымдар мен түрлі заттарды қабылдау орны ұйымдастырылды.
Демалыс күндері Көкшетау қаласы мен Ақкөл ауданы Іскер әйелдер кеңесінің, сондай-ақ Мейрамхана мен қонақ үй қызметкерлерінің қоғамдық бірлестінің мүшелері тасқыннан ең көп зардап шеккен Сандықтау және Атбасар ауданынына барды, деп хабарлайды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайты .
Атбасар қаласында жергілікті Кәсіпкерлерді қолдау орталығында табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету орны ұйымдастырылды. Акцияны ұйымдастырушылар жалпы сомасы 1 млн теңгенің азық-түлігін (қант, шәй, ұн, нан-тоқаш, макарон өнімдері, жармалар, өсімдік майы және т.б.), жылы киімдер, аяқ киім, арнайы киімдер мен санитарлық-гигиеналық заттар, төсек жабдықтарын жеткізді.
Сонымен қатар көмек көрсетуді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының Жарқайың аудандық филиалы да ұйымдастырды.
«Аудандық кәсіпкерлер, іскер әйелдер кеңестері азаматтық ұстанымдарын танытып, жерлестерге қолдау көрсетуге жұмыла кірісті. Бүгінде 100 мың теңге жиналып, есептік шотқа аударылды», - деді өңірлік кәсіпкерлер палатасы Жарқайың аудандық филиалының директоры Абай Сұрағанов.
Көршілес Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері де көмек қолын созды. Атап айтқанда Ш.Уәлиханов ауданының «Жолдасбай-агро» шаруа қожалығы 300 мың теңге аударды.
Ал Атбасар ауданының 15 шаруалық және агроқұрылымдық қожалық 300 мың теңгеден астам сомада қаржылай көмек көрсетті. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы мен Іскер әйелдер кеңесі, Атбасар қаласының 60-тан астам дүкені бастарына қиыншылық түскен жерлестерге қажетті заттар мен азық-түлік жеткізді.