Ақмолалық киберпол өкілдері алаяқтарды іздеу барысында Ресейден арнайы жіберілген адамды ұстады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан тұрғындарынан жеке шоттарынан 104 млн теңге ұрланды. Ақмола облысының полицейлері іздестіру жұмыстары барысында ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған дропперді ұстады, – деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Алдын ала ақпарат бойынша күдіктінің еліміз бойынша 25 интернет-алаяқтық әрекетке қатысы бар. Ал келтірілген шығын 104 млн теңгені құрап отыр.

Биылғы шілде айында Көкшетау тұрғыны да алаяқтықтың құрбанына айналған. Екі күн бойы өтініш берушінің телефонына WhatsApp мессенджері арқылы белгісіз абоненттік нөмірлерден қоңыраулар түскен. Алаяқтар 64 жастағы ақмолалық тұрғынға өздерін Kaspi банк қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар банктік шоттар туралы ақпаратты біліп алған біреулердің оның шотын бұзуға тырысып жатқанына сендірген. Осылайша, қылмыскерлер заңсыз банктік операциялар жасау үшін қажетті ақпаратты алған.

Келесі күні өтініш берушіге оның банктік шотын бұғаттау туралы хабарлама келіп түскен, ал мобильді қосымшаны тексеру кезінде ақмолалық Halyk banke-дегі депозиттік және карточкалық шоттан 11,8 млн теңге алынғанын және Kaspi банк шотынан 435 мың теңге із-түссіз «жоғалып кеткені» анықталды.

Жәбірленушінің айғақтары бойынша ол ешкімге ешқандай хабарлама, код немесе жеке мәліметтер бермеген және олардың нұсқауларын орындамаған.

Ақмола киберполициясы қылмыстық істі тергеу кезінде ұрланған миллиондар аударылған шоттардың бірінің иесінің кім екенін және оның орналасқан жерін анықтай алды.

Жүргізілген жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде оралдық әріптестерінің көмегімен 24 жастағы дроппер ұсталды.

Белгілі болғандай, ол ұрланған ақшаны қылмыстық желінің басқа мүшелеріне қолма-қол ақша беру және аудару үшін Қазақстанға Ресейден арнайы келген.

Қазіргі уақытта осы фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.