Ақмолалық қойма меңгерушісі кір тасын көтеруден әлем чемпионы атанды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында шаруа қожалығында жұмыс істейтін Меруерт Сүлейменова кір тасын көтеруден Әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, байрақты жарыс Латвияның Даугаупилс қаласында өтіп жатыр. Жарыста әлемнің 35 елінен жиналған 400 спортшы ересектер, жастар U-22 және ардагерлер санаты бойынша күш сынасуда.

«Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Ақмола облысы атынан қатысқан 21 жастағы Меруерт Сүлейменова 63 келі салмақтағылар арасында 24 келі кір тасын көтеріп, әлем чемпионы атанды. Мерует Астрахан ауданындағы Жарсуат ауылындағы шаруа қожалығында қойма меңгерушісі болып жұмыс істейді», деп атап өтті ведомство.

Сонымен қатар, тағы бір ақмолалық Жарқайың ауданының тумасы, 11-ші оқушысы Денис Долгашов 63 келі салмақта қоссайыс бойынша 135 ұпай жинап, қола жүлдегер атанды.

Айта кетейік, 2015 жылы Меруерт Ирландия астанасы Дублин қаласында өткен байрақты жарыста да әлем чемпионы атанған болатын.