Ақмолалық майдангерлерге «Мәскеу үшін шайқастың 75 жылдығына» медалі тапсырылды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаулық ҰОС ардагері Айдархан Бәйкенге «Мәскеу үшін шайқастың 75 жылдығына» мерейтойлық медалі тапсырылды, деп хабалайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҰОС жылдары Мәскеу үшін шайқасқа қазақстандық атақты 8-ші атқыштар дивизиясының қатысқаны тарихтан белгілі. Панфиловшылар дивизиясы аталып кеткен қазақстандықтардан құралған құрама жанкешті ерліктің үлгісін көрсетіп, ұлы жеңіске айтулы үлесін қосқан еді. Міне, сол панфиловшылар дивизиясының құрамында Москваны жаудан қорғауға қатысқан 6 көкшетаулық жауынгердің бүгінде төртеуінің көзі тірі екен.
 

Ардагерлер кеңесінде өткен шараға 92-ге толған майдангер Айдархан Бәйкен ақсақал ғана келді. Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Александр Мусиенко медальмен бірге майдангерге президент Владимир Путиннің хатын да қоса тапсырды. Ел тағдыры таразыға түскен сол ауыр шақта жан аямай шайқасып, Мәскеуді жаудан қорғап қалған қазақстандық қаһармандарға алғысын білдірген президент хатын елшілік кеңесшісі оқып берді. Өз кезегінде ардагер де осындай құрмет көрсеткені үшін Путинге және Ресей халқына  ризашылығын жеткізіп, бүгінгі қол жеткен ең үлкен жетістігіміз - бейбітшілігіміз мәңгілік болсын деген тілегін білдірді.
 

Қалалық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған ардагерлер ансамблі майдан әндерін айтып, алыста қалған отты жылдарды еске салғандай болды. Өкінішке орай, мерейтойлық медальмен марапатталған майдангер Тұрабай Ережепов пен Иван Пшеничный бұл күнге жете алмапты. Медальді елшілік кеңесшісі ардагерлердің туыстарына табыс етті. Ал, денсаулықтарына байланысты келе алмаған майдангерлер Шамиль Магавин, Леонид Синельников және Игнатий Шапошниковке Астанадан арнайы келген елшілік кеңесшісі үйлеріне барып медальді өз қолымен табыстады.