Оқушы қыз Нұр-Сұлтан қаласындағы ойын клубынан табылған. Елордалық ювеналды полиция қызметкерлері «Абайлаңыз – балалар!» жедел алдын алу шарасы аясында рейд өткізген.
«8 қыркүйек күні сағат 23.30-да «Barclays Premier Ltaque» ойын клубынан туған-туыстарына қонаққа келген Ақмола облысының тұрғыны – 14 жастағы оқушы қыз табылды. Қыздарының жауапсыз әрекеті салдарынан ата-анасына түн үшінде елордаға жетуіне тура келді. Жасөспірім түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көңіл көтеру орнында жүргені үшін анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 442-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар оқушы қызбен мұндай фактілерге алдағы уақытта жол бермеу туралы түсіндіру жұмысы жүргізілді», - деді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментінен.
Департамент мәліметінше, ойын клубының әкімшілігіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабымен іс қозғалды. Бұл бапта құқық бұзушыға 10 айлық есептік көрсеткіш (1 АЕК – 2778 теңге) көлемінде айыппұл салу көзделген.
Айта кетерлігі, «Абайлаңыз – балалар!» жедел алдын алу шарасы басталғаннан бері қаладағы компьютерлік клубтарда заң бұзушылықтың 3 фактісі анықталып, ойынға еліткен 6 бала ұсталды. Олардың ата-аналары әкімшілік жауапқа тартылды.
Осыған орай Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті ата-аналарға балаларын түнгі уақытта қараусыз жібергені үшін жауапкершілік бар екендігін ескертеді.