Ақмолалық оқушылар Қазақстан халқының әндерін орындаудан сайысты

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» ән байқауы өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Қоғамдық келісім» КММ -нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқау бағдарламасына сай Қазақстанда тұратын түрлі ұлттардың халықтық әндері орындалды.

Қатысушыларға «Ақмола облысының орыс қоғамы» ҚБ төрағасы Александр Артеменко, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпова, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Ольга Земскова, Көкшетау қаласының Балалар музыкалық мектебінің оқытушысы Сәуле Көкішева және «Ақмола облысының орыс қоғамы» ҚБ ән студиясының жетекшісі Ираида Пермякова қазылық етті.

Қазылар алқасының шешімімен «Туған жер» әнін нақышына келтіріп орындаған Көкшетау қалалық №2-орта мектептің оқушысы, тоғыз жастағы Дария Сапарова бас жүлдегер атанды.

Бірінші орын «Ассалаумағалейкум!» әнін керемет шырқаған №14-орта мектептің оқушысы Жасұлан Әліби мен «Туған жер» әнін орындаған №13-мектептің оқушысы Венера Шакетоваға берілді. Байқаудың екінші жүлделі орнына №11-орта мектептің оқушысы Вера Рожковаға мен №2-мектептің оқушысы Дарын Бақыткелді лайық деп танылды. Ал №13-орта мектептің «Жұлдыз» триосы және №4-мектептің «Самұрық» квинтеті шығармашылық байқаудың үшінші орнына ие болды. Сонымен қатар Виктория Грудина және Дана Аманжолованың жоғары дәрежеде орындалған әндерін айтып өткен жөн.

Ән байқауының барлық қатысушылары дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен және «Ақмола облысының орыс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараның мақсаты - жас дарындарды анықтау, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын қолдау, Ақмола облысында тұратын барлық этностардың ұлттық мәдениеті мен тілін дамыту, оларды қайта өркендету, ұлтаралық келісім мен толеранттық қатынасты насихаттау және достықты нығайту.