Ақмолалық оқушылар «Мағжан оқуларында» топ жарды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының оқушылары республикалық «Мағжан оқулары» байқауында бас жүлде және бірінші орынды жеңіп алды.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының хабарлауынша, Петропавл қаласында өткен «Мағжан оқулары» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған балалар үш аталым бойынша бақ сынады. Байқау М.Жұмабаевтың туған ауылы Сарытомарда өткізілді. Ақмола облысының атынан Ақкөл ауданының оқушылары сынға түсті.

«Ақын да бір бала ғой, айға ұмтылған...» номинациясы бойынша Кеңес орта мектебінің 10-сынып оқушысы Бағдат Жарқынбек Гран-приді қанжығасына байлап, СҚО әкімі атынан ноутбук, алғыс хат және құнды кітаптармен марапатталды.

«Толқынды толқын қуады...» номинациясында Минск орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ақжол Мәулетхан «Түркістан өлеңінің көркемдік ерекшелігі» атты ғылыми жобасын қорғап, бейнекамераға ие болды.  Ғылыми жобаны дайындауға қосқан үлесі үшін Минск орта мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мұратбек Қадыр алғыс хатпен марапатталды.  

Келесі номинация - «Өлең - менің Шолпаным, Айым, Күнім» тақырыбы бойынша «Мәнерлеп оқу» бойынша, Ақкөл ауданы, Кеңес орта мектебінің 9-сынып оқушысы Рана Мырзахмет СҚО білім басқармасының алғыс хатымен марапатталды.

Балалардың жетекшісі болған Ақкөл ауданы білім бөлімінің әдіскері Ханша Ақтышқанқызы СҚО білім басқармасының алғыс хатына ие болды.