Ақмолалық полицейлер жоғалған жасөспірім қызды алты күннен кейін Астанадан тапты
10:21, 14 Қараша 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақмола облысының полицейлері жоғалып кеткен Құлмағанбетқызы Нұрайлымды іздеп тауып, ата-анасымен қауыштырды, деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, Қорғалжын АІІБ-ге Сабынды ауылында 9-сыныпта оқитын 16 жастағы Нұрайлым Сұлтанованың жоғалып кеткені туралы шағым 6 қараша күні келіп түскен. Қыздың әкесі оның 5 қараша күні таңертеңгі 9-дар шамасында оқуға кетіп, қайтып оралмағанын айтқан. Бір күн бойы туған-туысқандары қызды өз беттерінше іздеп, таппаған соң, полиция көмегіне жүгінген.
Құқық қорғаушылар оның араласатын ортасын анықтап, достарын, сыныптастарын және сол күні оны көрген жандардың бәрін тергеген. Арнайы топ құрылып, іздеу жұмыстары көрші аудандарда және Астанада жүргізілді.
Жасөспірім қыз 12 қараша күні Астанадан табылып, ата-анасының қолына тапсырылды.