Ақмолалық шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қызу кірісуде (ФОТО)

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Бұланды және Бурабай аудандарында болып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Кездесу барысында көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу мәселесі айтылды.

Өңір басшысы дән сіңіру жұмыстарын А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының ғалымдарының ғылыми тәжірибелеріне сүйене жүргізу қажет екенін алға тарты. Өз кезегінде шаруалар көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау үшін алғыстарын білдірді. Биылғы жылы шаруалардың барлығы дерлік арзандатылған жанар-жағар май мен қажетті тұқыммен қамтамасыз етілді.

Қазіргі уақытта Бұланды ауданының диқандары 187,1 мың гектар алқапқа дәнді дақылдар егуді жоспарлап отырса, бурабайлықтар 107,6 мың гектарды межелеп отыр. Мұнымен қоса, көпжылдық шөп пен майлы дақылдар, картоп және көкөніс отырғызу да жоспарда бар.

Еске сала кетсек, биылғы жылы облыс бойынша 4,7 миллион гектар аумаққа жаздық егістік жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның ішінде 4 миллион гектардан астамы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдары болса, 268 мың гектарын майлы дақылдар құрайды. Сонымен қатар, картоп және көкөніс отырғызып, жем-шөп дақылын себу көзделген. Осы мақсатта бюджеттен 5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Науқанға 1 мыңға жуық тұқым себу кешені мен 17 мың бірлік агрегат жұмылдырылып отыр.