Ақмолалық спортшы жатып штанг көтеруден Азия чемпионы атанды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмолалық спортшы Сергей Вайгант Филипин елінде өткен Азия чемпионатында алтын медальға қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша  Кессон  қаласында әлемнің 20 елінен жиналған спортшылар арасында жатып штанг көтеру бойынша Азия Чемпионаты өтті.

105 келі салмаққа дейінгілер арасында өткен жарыста жерлесіміз Сергей Вайгант 300 келі  нəтижесімен жарыс жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, ол абсалютті есеп бойынша қол медаль иегері атанды.

Сергейдің жаттықтырушысы, əлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы Кирилл Павленконың сөзіне қарағанда байрақты додаға Ақмола облысынан 5 спортшы қатысқан. Оның ішінде Сергей Вайганттың бабы мен бағы қатар шапты.

"Жалпы, біз үздік үштікке кіруді мақсат тұттық. Бұл біз үшін үлкен көрсеткіш еді. Дегенмен Сергей ештеңеге қарамастан барын салып, жеңіс тұғырынан көрінді", деп қуанышымын бөлісті Кирилл Павленко.

Еске сала кетейік, жатып штанг көтеру бойынша Азия Чемпионаты қыркүйектің 12-не дейін жалғасатын болады.