Ақмолалық тұрғын өзінің жер учаскесін екі рет сатқан

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының тұрғыны өзінің жер учаскесін екі рет сатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Целиноград аудандық полиция бөліміне Астана қаласының тұрғынынан алаяқтыққа қатысты арыз түскен. Залал сомасы 3,5 миллион теңгені құрады.

Арыз берушінің айтуынша, жергілікті тұрғын оған басқа біреудің жер учаскесін сатқан. Ер адам бұл туралы алаяққа қолма-қол ақша беріп, құрылыс материалдарын жеткізбек болған кезде ғана білген.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады және оған қатысты тергеу амалдарын қолға алды. Белгілі болғандай, күдікті жер учаскесін бұған дейін облыстың өзге тұрғынына сатқан. Алайда ол жерге меншік құқығын тіркеп үлгермеген. Ер адам бұл жағдайды пайдалануға тырысып, жерді басқа адамға сатып жіберген. Осы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды», - деді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары жер телімін сатып алу туралы шешім қабылдамас бұрын, оның тарихын біліп, учаскемен барлық заңды әрекеттер туралы анықтаманы сұрап, заңгерлердің көмегіне жүгінуді ұсынады.