Ақмолалық жастар онлайн режимде кәсіпкерлермен кездесті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы жыл сайын жастарға арналған «BASTAU Talks» тақырыбымен қоғамдық дәріс өткізіп келеді. Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған шара ZOOM платформасында онлайн режимде өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Шараға жергілікті бизнесмендер мен 70-тен астам жас кәсіпкерлер қатысты. Қоғамдық дәріс жастарды елде бизнес жүргізу мүмкіндіктері туралы ынталандыруға және ақпараттандыруға бағытталған.

Шараны Ақмола облыстық жастар – ресурстық орталығының жастармен жұмыс және үйлестіру бөлімінің басшысы Тұрлыбек Жолдаспай жүргізіп отырды.

Ақмола облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Құрман Сейітов дәріс өткізудің маңыздылығын атап өтті.

«Көптеген жастар қажетті ақпаратқа ие емес, кейбіреулерінде мотивация немесе егжей-тегжейлі кеңес жоқ. Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығының «BastauTalks» қоғамдық дәрістерін өткізуі осыған байланысты», - деді маман.

Жастарға Ақмола облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясы «Кәсіпкер» бастауыш партия ұйымының төрағасы Гүлмира Қадырманқызы, «Alma-Mater» ғылыми - академиялық дағдылар орталығының бас сарапшысы Сәкен Қаженов, бизнес тәлімгер «Бастау бизнес» жобасының қатысушысы Тимур Сәрсенбаев, кәсіпкер, «IndiGo» бірегей білім студиясының және «Magnet» маркетингтік компаниясының негізін қалаушы Абылай Исин және «JKBrend» ательесінің негізін қалаушы Жібек Әбдрахманова дәріс оқып, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, биыл облыста 365 жас «Бастау» жобасы бойынша бизнесті жүргізу негіздері бойынша білімдерін жетілдірді.