Ақмолалық жедел жәрдем бригадасы республика бойынша үздік атанды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының командасы ең үздік жедел медициналық көмек көрсету бригадасы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР ДСМ қоғамдық денсаулықты сақтау ұлттық орталығына сілтеме жасап.

Ведомство мəліметінше, жедел медициналық көмек көрсету бригадаларының ІІІ республикалық жарысына Қазақстан жəне Литва елінен жиналған командалар қатысқан.

Оның ішінде Ақмола облысының жедел медициналық жәрдем бригадасының командасы ең үздік атанса, екінші орынға Жамбыл облысы жəне үшінші орынға Астана қаласының командалары лайық деп танылды.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жеңімпаздарды құттықтай келе, жедел медициналық жәрдем бригадалары арасындағы байқау бұқаралық іс-шара, төтенше жағдайлар кезінде жедел қызмет көрсетудің қыр-сырын үйренуге септігін тигізетінін атап өтті.

Мұндай тəжірибе дүниежүзінің көптеген елдерінде қолға алынған. Осындай шаралар симуляциялық оқу, жедел медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жəне командада тиімді жұмыс істеу бойынша тəжірибе жинақтап, оны елімізде қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді.

«Дəрігер мамандығы, оның ішінде жедел жәрдем қызметінің дəрігері - қоғамда үлкен сұранысқа ие. Олардың ширақ қимылы мен шешімі, кәсіби шеберлігі адам өмірін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті Елжан Біртанов.

Сонымен қатар, ол дəрігерлерге кәсіби шеберлік, сезімтал жүрек жəне алтын қолдарының арқасында халықтың алғысына бөлене беруге тілектестік білдірді.