Өңір оң өзгерістерге толы
Ел тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай, үстіміздегі жылдың басынан бері Елордада «Қуатты өңір - қуатты Қазақстан» жобасы аясында республикамыздың барлық облыстарының күндері өтті. Бұл жолы кезек ақмолалықтарға келіп, осы айтулы шара Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы əкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың, облыс əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың жəне Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марал Жақыпованың қатысуымен өткен брифингпен басталды. Брифингте Ақмола облысы əкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов журналистерді облыстың тəуелсіздік жылдарындағы даму барысымен таныстырды.
Ажарлы да, базарлы жәрмеңке
Сенбі-жексенбі күндері Елордадағы «Хан шатыр» ойын-сауық орталығы маңындағы алаңда азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Елордада жәрмеңке өткізу бір қарағанда, Астанадан шалғай жатқан облыстарға біршама қиындық тудыратындығы да жасырын емес. Дегенмен, Елорданың азық-түлік белдеуін құру тұрғысында қала тұрғындарын сапалы да, арзан тауаралармен тұрақты түрде қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екендігін айтып жату артық болар. Сонымен қатар, басқа облыстар өткізгендей бір күн емес, бұл жолы екі күнге созылған жәрмеңкенің астаналықтардың көңілдерінен шыққандығы сөзсіз.
Екі күнге созылған жәрмеңке барысында ақмолалық тауар өндірушілер 620 тонна ет және ет өнімдерін, 20 тонна балық, 458 тонна көкөніс пен картоп, 63 тонна сүт және сүт өнімдерін, 430 мың дана жұмыртқа, 170 тонна ұн және 40 тонна өсімдік майын саудаға шығарды. Жалпы, жәрмеңкеде барлығы 784,0 миллион теңгенің 70 түрлі азық-түлігі сатылды.
Ал бағаларға келетін болсақ, жәрмеңкедегі азық-түлік қаладағы сауда орындарын айтпағанның өзінде, базардағыдан да біршама төмен болды. Оған қоса, осы күндері өткізілген мәдени және спорттық шаралар, сахналанған қойылымдар мен ақындармен, жазушылармен жүздесулер де ұйымдастырылып, Астана жұртшылығының көңілінен шықты.
Көпшіліктің көңілінен шыққан көрме
Осы күні Бейбітшілік және келісім сарайында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Осыған дейін Астана төрінде бірнеше облыстың күндері өтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мен түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылғанымен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жетістіктерінің көрмесі алғаш рет ақмолалықтар тарапынан қолға алынып отыр.
Көрме облыстағы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, шағын және орта бизнес, турзим, білім, денсаулық және мәдениет саласындағы қол жеткен жетістіктер, яғни, өнімдер мен жобалар тұратын он екі бағыт бойынша өтті. «Ел экономикасының локомотиві» атаған табиғи таза өнімдерге бай, адами, өндірістік және көліктік әлеуеті бойынша Қазақстанның қарқынды дамушы аймақтарының қатарына жататын Ақмола облысының аймақтық жалпы өнімі артып, өңір өнеркәсіп өндірісі көлемі бойынша елімізде көш бастап келеді.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы нәтижесінде жеткен жетістік мол, бірнеше мыңдаған жұмыс орындары ашылды. Соңғы жылдары электр қуатын өндіру, тұрғын үй салу мәселелері, көгалдандыру жұмыстары бойынша оң өзгерістер көп. Ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен өнер салаларында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер баршылық.
Оның ішінде осыдан тура бір жыл бұрын Целиноград ауданының Максимовка ауылында ашылған аяқ киім цехының өнімдерін астаналықтар мен көрме қонақтары сол жерде сатып алып жатқанының да куәсі болдық.
«SAMHAT» серіктестігінің кәсіпорны Ресей, Беларусь, Түркия, АҚШ, Англия және Шығыс Еуропа елдерінің жетекші фабрикаларының технологиясы бойынша арнайы мақсаттағы аяқ киімдерді шығарады. Әзірге, кәсіпорын еліміздің Қарулы күштерінің тапсырысы бойынша жұмыс істеуде.
«Ұсынылған өнімнің негізгі артықшылығы сапасында болып отыр. Біз өнімнің сапалы болуы үшін шетелдің жетекші фабрикаларының технологиясы бойынша жұмыс істейміз. Өнім барлық талаптарға және мемлекеттік стандарттарға сай келеді. Ал, кәсіпорнының қуатына келетін болсақ, жылына 500 мың пар аяқ киімге тең. Тапсырыс болып жатса өнімділікті одан әрі арттыруға болады. Біздің негізгі тұтынушыларымыз әскери қызметкерлер мен астаналықтар», - дейді кәсіпорын директорының орынбасары Асхат Исабеков.
Көрмеде өз тауарларын ұсынған облысымыздағы іргелі шаруашылықтар «Родина» агрофирмасы, «Милк Проджект», «Астана агро продукт», «Айбат» және «Бижан» ет өңдеу кешені тәрізді өзге де жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өнімдерін астаналықтар көптеп тұтынады. Бұл жайға көрмені аралап көрген облыс әкімі Сергей Кулагин мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев көз жеткізді. Осы ретте, облыс басшысы Астана нарығына шығарылатын отандық өнімдердің санын одан әрі молайтатынын атап өтті.
«Жыл өткен сайын елорда халқының саны көбеюде. Сол себепті, біздің өнімге сұраныс өсе береді. Бүгінгі көрмеде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында облыстың жеткен жетістігін көрсете алсақ, енді бір жағынан астаналықтарға жарнама жасап отырмыз», - деді өңір басшысы.
Көрмеде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласымен бірге денсаулық сақтау саласында облыстың қол жеткізген жетістіктерін көруге келгендер де көп болды. Солардың бірін сөзге тарттық. «Өскеменнен Астанаға көшіп келгеніме бірер жыл болды. Астанада өтетін көрмені күтіп жүрген едім. Осында көрме болады деп жұмыстан сұранып келдім. Өйткені,Ақмола облыстық ауруханасында ашылған кардиохирургия бөлімшесі - еліміздің тәуелсіздік жылдарында денсаулық сақтау саласында қол жеткізген ірі табыстарының бірі. Осы күні әлемдегі ең озық медициналық технологиямен жабдықталған бөлімшеде жүрек талмасы, қан қысымы сырқатына шалдыққан науқастарға ота жасалып жатыр деп естіген едім. Сол себепті, өз басым медицина саласында қызмет істегендіктен, әріптестерімнің тәжірибесін көріп, пікір алмасуды жөн деп санадым», - дейді Астанадағы №7-ші қалалық емхананың қызметкері Айгүл Зарипова.
Жалпы, қатарынан екі күн өткізілген көрме көпшіліктің көңілінен шықты.
Көрме барысында облыс әкімі Сергей Кулагин мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов екіжақты ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Аталған меморандум аясында Ақмола облысының аумағындағы кəсіпорындарда шығарылған азық-түлік, киім-кешек жəне құрал-жабдықтарды шекара қызметі тапсырыс бойынша тұтынатын болады.
«Ақмола облысында еліміздің шекара қызметіне қажетті жеңіл өнеркәсіп өнімдері мен құрал-жабдықтар өндіріледі. Сондықтан, бүгінгі меморандум аясында облыс кәсіпорындары өз өнімдерін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сата алады. Бұл бір жағынан жергілікті кəсіпорындар өнімдеріне деген сұранысты арттырса, енді бір жағынан ел шекарашыларын сапалы өніммен қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта осы ынтымақтастыққа сәйкес ұсынылатын өнімдердің түрлерін арттыратын боламыз», - деп атап өтті өз сөзінде Сергей Кулагин.
Астаналықтар елордадағы Ақмола облысы күндері аясында Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ұжымы сахналаған драматург Темірболат Ахметовтың «Шәкәрім» драмасын тамашалады.
Максим Горький атындағы орыс академиялық драма театрында қойылған драма Шәкәрім Құдайбердіұлының ғұмырының бір бөлігін қамтитын, асыл ойларын айшықтайтын, ізгі, мағыналы мұратын көз алдыңа келтіретін көркем дүние ғұламаның туғанына 150 жыл толуына арналып отыр.
Осыдан тура жиырма жыл бұрын жазылған туынды астаналық көрерменге алғаш рет ұсынылды. Автордың айтар ойы мен сол кездегі тағдырдың талай теперішін көріп, жазықсыз қудаланған қазақ зиялыларының қилы-қилы тағдыры ашық көрсетілген тарихи драма Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының директоры, əрі осы қойылымның режиссері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов пен актерлердің кəсіби шеберлігінің арқасында көп көңілінен шықты.
«Ұлттық рухани мәдениетке орасан үлес қосқан Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен өнері, мол рухани мұрасын халықтың көбі біле бермейді. Ол туралы өзіміз де кейін, еліміз тәуелсіздік алғаннан соң жақын таныса бастадық. Осы спектакльде алмағайып заманда күн кешкен ойшыл ақын өмірін аса шеберлікпен көрермендерге жеткізе білген көкшетаулық театр актерлеріне алғысым шексіз», - деп ағынан жарылды Гүлнұр есімді көрермен.
«Басты рөлді сомдаған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Құмарбек Қалқатаев Шәкәрімнің портреттік бейнесі мен рухани образын үйлестіріп сахналады. Актердің шеберлігі сонда, көрерменін кейіпкерінің іс-әрекетіне сендіріп қана қоймай, бүгінгі қоғаммен астасып жатқан адамдардың арасындағы қарым-қатынасты шынайы жеткізіп, жүректі тебірентуі. Сонда ғана оқиға да, кейіпкер де есіңізде сақталып қалады. Сахнаға жол тартқан шығарма режиссердің иелігінде. Осы тұрғыдан келгенде, қойылымның аяқталуындағы шешім ұтымды.
Драманы қоюшы режиссерінің айтуынша, астаналықтарға бұл тың туындыны ұсынудағы басты мақсат - ол азаттық жолындағы қақтығыстар, тартыстар, көзге көрінбейтін жымысқы әрекеттерді бейнелеу арқылы Шәкәрімнің өз заманындағы биік тұлағасын даралау.
«Құдайдың хақтығына, пайғамбардың ақ жолына бас иген Шәкәрімнің асыл қазынасы Алаш баласы үшін мәңгілік мұра болып қала бермекші. Көрерменге үлкен ой салып, жан дүниесін рухани байытып, болашағына бейжай қарамауға үйрететін, сол арқылы ақ пен қараны ажыратып, биікке шығар тұсын меңзейтін мұндай қойылымның көрерменіне берері мол», - дейді Мұратбек Оспанов.
Шыңғыс ханның пенделік құпиясы
Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Ақмола облыстық драма театрының әртістері М.Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) өлеңмен жазылған романы негізіндегі қойылымды сахналап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Шараға ақын Мұхтар Шаханов қатысып, өнер тарландарына өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Қойылымды Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Михаил Бочкарев та тамашалады.
Ардагерлерге құрмет
Кезінде облыстың экономикасының дамуына қомақты үлес қосқан ардагерлердің көпшілігі бүгінгі Астана қаласының тұрғындары. Сондықтан да болар, Ақмола облысын басқарған әкімдердің елордада Ақмола облысының күндері немесе облыстық жәрмеңкелер өткізілуі кезінде Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен кездесу өткізуі дәстүрге айналған. Өйткені, сенбі-жексенбі күндері елордамызда өткен Ақмола облысы күндеріне орайластырылып, бұл дәстүр өз жалғасын тауып, облыс әкімі Сергей Кулагиннің шақыруымен қаладағы «Аққу» мейрамханасында облыста түрлі лауазымдарда еңбек еткен абыз ақсақалдар мен абзал әжелер бас қосты.
Арқа жері ежелден ән мен жырдың бесігі
Ұлттық Академиялық кітапханада «Тәуелсіз елдің азат ойлы ақындары» атты көкшетаулық жас ақындардың әдеби-сазды кеші ұйымдастырылды. Шынында да тоқайласпайтынды түйістіру, қабыспайтынды табыстыру сөз құдіретінің ғана қолынан келеді. Арқа жері ежелден ән мен жырдың бесігі саналған. Кешегі Асылдардың бүгінгі үзілмеген үміті іспетті, талабы мен таланты зор облысымыздың үш жас ақыны әдеби кеште әдемі өлең оқып, әсем әндерді әуелетті.
«Ақбоз өлең тарту еттім халқыма»
Осындай тақырыпта Бейбітшілік және келісім» сарайында Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі, белгілі айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабектің шығармашылық кеші болып өтті. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысып, сөз сөйлеп, Құдайберлі ақынға шығармашылық табыс тілеп, жүрекжарды лебізін арнады. Әдеби кешке танымал қоғам қайраткерлері, айтыскер ақындар қатысты.
«Жер жұмағы - Көкшетау, Ел жүрегі - Астана»
Астанадағы Ақмола облысының күндері «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Жер жұмағы - Көкшетау, Ел жүрегі - Астана » атты тақырыпта Ақмола облысының шығармашылық ұжымдарының салтанатты гала концертімен қорытындыланды.
Концертте Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері мен мәдениет қайраткерлері өз өнерлерін ортаға салды. Өнер жүйріктеріне облыс әкімі Сергей Кулагин мен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің атынан ықылас гүлдері ұсынылды.