Бұл жолы Арқаның ақ таңымен ілескен ақмолалықтар Көкшетаудағы Тәуелсіздік алаңына жиналып, Наурыз мейрамын мерекелік «Наурыз сән - салтанат, ұлттық рух» атты театрландырылған қойылыммен қарсы алуда. Бұл күні алаңға 10-ға жуық киіз үй тігіліп, мерекені тамашалауға келген көкшетаулықтар мен меймандарға Наурыз көже, бауырсақ тәрізді ұлттық тағамдар ұсынылып, тегін үлестірілді.
Салтанатты шараға қатысқан өңір басшысы Мəлік Мырзалин құттықтау сөз сөйлеп, жиналған халыққа жүрекжарды тілегін арнады.
«Наурыз - бұл көктемгi жаңарудың, ақ пейiл мен татулықтың мерекесi. Ол - өткендi саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақсатты әрi сарабдал саясатының арқасында бүгiнде Қазақстан күллi әлемге бейбiтшiлiксүйгiш әрi болашағы кемел ел ретiнде танымал болуда.
Наурыз мейрамы ұлты мен дiни сенiмiне қарамастан Қазақстанда өмiр сүрiп жатқан барша халық үшiн берiк достықтың, бiрлiктiң нышанына айналды. Елбасымыз да үнемi «бiздiң қоғамның басты байлығы - бiрлiк пен ынтымақ. Осы құндылықтардың арқасында бiз экономикамызды көтердiк, азаматтардың дәулетiн арттырдық, ел болашағын айқындадық», - деп келедi. Қазақстанның бiрлiгi нығая түссiн! Көктеммен бiрге келетiн Наурыз рухани жаңаруға жетелеп, бейбiт пен келiсiмдi әрi қарай нығайтуға септiгiн тигiзсiн», - деді өңір басшысы өз сөзінде.
Мерекелік шара «Тұсау кесу», «Беташар» тәрізді шағын қойылымдармен жалғасын тауып, мерекенің көркін одан сайын қыздыра түсті. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған робот-трансформерлердің жəне соңғы жылдары дәстүрге айналған «Домбыра Party», «Қымыз фестивалі», «Бауырсақ Party» шоуын тамашалады.
Әсіресе, облыстық филармонияның әншілері мен облыстың әр шалғайынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары мерекені әсем әнмен әрлендіріп, күміс күймен, мың бұралған бимен түрлендіріп, көпшілік көңілін шалқыта түсті.