Ақмолалықтар Пермь облысындағы әріптестерімен ынтымақты жұмыс жасауға уағдаласты

None
КӨКШЕТАУ. Қазанның 31-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысының кәсіпкерлері Ресей Федерациясы Пермь өңірінен келген әріптестерімен кездесіп, алдағы уақытта бірқатар серпінді жобалар бойынша ынтымақтаса жұмыс жасауға уағдаласты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Достар» мәдениет үйінде өткен дөңгелек үстел басындағы кездесуге қатысқан іскер топ өкілдері ауыл шаруашылығы техникаларын, құрылыс материалдарын, электр жабдықтарын, ағаш бұйымдарын, басқа да тұтыну тауарларын бірлесіп шығару, жаңа техника және соны технологиялар алмасу турасында пікір алмасты. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысының өндіріс орындарында болған ресейліктер шағын және орта бизнесте қоян-қолтық жұмыс жасауға келісті. Сонымен бірге өздерінде ауыл шаруашылығы тауарларының сұранысқа ие екендігін жеткізген меймандар бұл алдағы күнде өзара байланыстың басым бағыттары болатынына мүдделі екенін атап көрсетті. Ресейлік тауарлардың сапалық  көрсеткіші едәуір жоғары. Ол ақмолалықтардың ықыласын тудырды.