Ақмолалықтар Словакиямен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасындағы Словакияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Петер Юзаны қабылдады.

Кездесуде екіжақты сауда-экономикалық мүмкіндіктер кеңінен қарастырылды.

Еске сала кетейік, Ақмола облысы мен Словакия арасындағы сыртқы сауда айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша 287,7 мың АҚШ долларын құрады. Бұл облыстың жалпы сыртқы сауда айналымының 0,1 пайызы. Сондықтан, алдағы уақытта екіжақты ынтымақтастық байланысты нығайту көзделіп отыр.

Кездесу барысында аймақ басшысы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып  келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол инвестициялық мүмкіндіктер жайлы сөз қозғап, Словакия елімен жақсы байланыстар орнатуға болатындығына тоқталды.

Ал, Словакия елшісі Ақмола жеріне келгеніне өте қуанышты екенін айта келе, жұмыс сапарының мақсатына тоқталды.

«Словакия жеңіл автокөліктерді құрастыруда дүниежүзі бойынша бесінші орында. Сонымен қатар, туризм де жақсы дамып отыр. Ал, табиғаты әсем сіздердің облыстарыңызға келетін болсақ, туристік саланың әлеуеті жоғары. Сондықтан, алдағы уақытта шипажай бизнесі, білім және нана технологиялар бағытында біріккен жобаларды қолға алу тиімді болар»,- деді ол өз сөзінде.

Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі ақмолалықтардың словактармен сауда-экономикалық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін мәлімдеп, мәртебелі мейманмен кәдесы­й алмасты.