Ақмолалықтар Теміртас Жүсіпов пен Карина Құзғанбаеваны құшақ жая қарсы алды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмолалықтар 7-ші жазғы Дүниежүзілік әскери ойындарының жеңімпазы Теміртас Жүсіпов пен ауыр атлетикадан Азия чемпионатының күміс жүлдегер Карина Құзғанбаеваны Көкшетау теміржол вокзалында құшақ жая қарсы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше, Теміртас Жүсіпов Қытайдың Ухань қаласында 7-ші жазғы Дүниежүзілік әскери ойындарында бокстан сынға түскен болатын. Жерлесіміз 49 келі салмақта шаршы алаңға шығып, Нигерия, Кения, Колумбия, КХДР және Үндістаннан келген боксшыларымен қолғап түйістірді. Бес кездесудің барлығында Теміртас жоғары шеберлік танытып, қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды.

Ал, Карина Құзғанбаева Солтүстік Кореяның астанасы Пхеньян қаласында өткен ауыр атлетикадан Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Ол жұлқа көтеуден 96 келі салмақты, серпе көтеруден 122 келіні бағындырып, жалпы 218 келі ұпаймен екінші орынды иеленді.

«Өзімнің өнерімді орташа деп бағалап отырмын. Өйткені, осыған дейінгі әлем чемпионатынан кейін әлі бабыма келе алмадым. Дегенмен, екі жаттығу қорытындысы бойын күміс жүлдегер атандым», – деді К.Құзғанбаева.