Ақмолалықтар универсиада жеңімпазын сән-салтанатпен қарсы алды

None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін ақмолалықтар Алматыда өткен 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиаданың жүлдегері Олжас Климинді қарсы алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Универсиада жүлдегерін қарсы алуға облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының, спорт мекемелерінің басшылары, жерлес спортшылардың туған-туыстары мен жанкүйерлері және өзге де спортсүйер қауым жиналды. Жеңімпазға тиісті деңгейде құрмет көрсетілді.



Еске сала кетейік, Алматыда өткен 28-ші дүниежүзілік қысқы Универсиадада ақмолалық Олжас Климин аралас командалық спринтте Анна Шевченкомен жұп құрып, ел қоржынына маңызды тоғызыншы алтын медальды салған болатын. Олжас Климин - шаңғы жарыстарынан Қазақстан Республикасының спорт шебері, шаңғы жарыстарынан Қазақстан Республикасының чемпионы, жастар арасындағы Әлем чемпионаттарының қатысушысы. Көкшетау қаласының азаматтық қорғау көпсалалы колледжінің студенті.

«Жарыс өте тартысты өтті. Маған сеніп осы жарысқа қатысуыма қол ұшын созған жаттықтырушыларыма, жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Командалық спринтте өзіме жүктелген сенімді ақтадым деп олаймын. Эстфеталық жарыста да жеңіс тұғырынан көрінуге болатын еді. Алайда, сәл күшім жетпей қалды. Алда әлем кубогі тұр. Ақпан айының соңында Эстонияда өтетін осы байрақты бәсекеге қазірден бастап дайындаламын», - дейді Климин.